Негізгі қызметтік бағыттары

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 

12-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметi

1. Мәслихат өз өкiлеттiгi мерзiмiне тұрақты комиссиялар құрады. Олардың саны жетеуден аспауға тиiс. Қажет болған жағдайда, мәслихат тұрақты комиссияларды жаңадан құрып, таратып және қайта ұйымдастыра алады.

2. Тұрақты комиссиялардың тiзбесi мен сан құрамын мәслихат белгiлейдi. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерiн өз депутаттары арасынан тиiстi мәслихат сайлайды.

 3. Тұрақты комиссиялар өздерiн сайлаған мәслихат алдында жауапты және жылына кемiнде бiр рет өз қызметi туралы есеп бередi.

13-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссияларындағы көпшiлiктiк тыңдаулар

1. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы бойынша немесе мәслихат шешiмi бойынша көпшiлiктiк тыңдаулар өткiзе алады.

2. Көпшiлiктiк тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтiлген отырыстары түрiнде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлiнше маңызды және қоғамдық мәнi бар мәселелердi талқылау мақсатында өткiзiледi.

3. Тұрақты комитеттерде көпшiлiктiк тыңдаулар өткізу тәртiбi мәслихат регламентiнде белгiленедi.

14-бап. Мәслихат тұрақты комиссияларының қызметi мен өкiлеттiгi

1. Тұрақты комиссиялар:

1) аталған мәслихат сессиясының күн тәртiбi бойынша, сондай-ақ мәслихат сессиясында қаралатын кез келген мәселе бойынша мәслихатқа, мәслихат сессиясының төрағасына, мәслихат хатшысына ұсыныс енгiзуге;

2) өздерiнiң құзырына жататын әрi мәслихат сессиясының қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша қорытындылар беруге;

3) өздерiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша мәслихат сессияларында баяндамалар мен қосымша баяндамалар ұсынуға;

4) өз құзыретi шегiнде сессияда жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн тыңдау туралы мәслихатқа ұсыныс енгiзуге;

5) комиссияның жұмысына мәслихаттың басқа да депутаттарын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар, ұйымдар, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өкiлдерiн және азаматтарды тартуға құқылы.

2. Әкiмдік, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық бөлімшелерінің, атқарушы органдардың лауазымды адамдары, ұйымдар белгiленген тәртiпте тұрақты комиссияларға олардың құзыретiндегi мәселелер бойынша қажеттi ақпарат беруге мiндеттi.

3. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.

15-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары жұмысының және қаулылар қабылдауының тәртiбi

1. Тұрақты комиссиялардың отырысы қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттар санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.

2. Тұрақты комиссиялардың қаулысы комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комитеттiң төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

3. Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.

17-бап. Мәслихаттың уақытша комиссиялары

1. Мәслихаттың құзырына жатқызылған мәселелердi сессияларда қарауға әзiрлеу мақсатында мәслихат не мәслихат хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, мiндеттерiн, өкiлеттiк мерзiмдерiн және құқықтарын мәслихат оларды құру кезiнде белгiлейдi.

2. Мәслихаттың уақытша комиссиялары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қорытындылар қабылдайды.

3. Уақытша комиссия жұмысына қатысқаны үшiн ақы төленбейдi.