Көпшілік тындауы

АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ БІРІККЕН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ

Депутат болу – халықтың ақ адал сенімін арқалау.

        

            2018 жылдың 28-29 мамырында аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған тұрақты ақпараттық жұмыс тобы Сөгеті, Малыбай, Бартоғай, Масақ және Асы ауылдық округтеріндегі 13 ауылда болып, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, сайлауышлармен өткізілген аталған кездесулердің қорытындысының негізінде түскен сан түрлі сұрақтарды саралап, ағымдағы жылдың бесінші маусымында Малыбай ауылдық округінің мәдениет үйінде тұрақты комиссиялардың біріккен көшпелі отырысының көпшілік тыңдауында талқылады.

            Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың 6- шақырылым депутаттары, аудандық бөлім, мекеме басшылары мен аралап өткен бес округтің әкімдері жергілікті қоғамдастық кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысқан жиынды комиссия төрағалары мен мәслихат хатшысы Бекет Төлегенұлы жүргізіп отырды.

            Күн тәртібінде қарастыру үшін бірқатар маңызды бағыттар бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Д.Мәлібеков, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Искаков, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Жәкеев және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Н.Серғали өз бағыттары бойынша атқарылған және алдағы жоба-жоспарларын баяндады.

            Күн тәртібінде бірінші тұрған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Аманова есебін тыңдау мәселесі мен аталған сала бойынша тұралап қалған мәселелер бойынша бөлім басшысына депутататардыңтарапынан қойылатын сұрақтар күн санап артып барады. Бұл жолы басшысының орнына келген маманы Үміт Мамырханова мінберден табылды, аталған бағытта жауап беруге құзіреті жоқ екендігін жеткізді.Сондықтан да, осымен бірнеше рет қатарынан кейінге шегеріліп келген аудандық бөлімінің басшысы Б.Аманованың есебі тағыда алдын ала ескертпей, белгілі бір себептермен келмегендігіне байланысты депутаттар ұйғарымымен бірауыздан келесі жолға қалдырылды.

            Артынша сөз алған Дәурен Мәлібеков аудандағы инфрақұрылым мәселесі турасында кеңінен баяндады. Мәліметіне сүйенсек, өңіріміздегі ауыз су құбырларын ағымдағы    жөндеуден   өткізуге 195 млн теңге бөлінген. Арнайы құрылған комиссия бұл қаражатқа  бірқатар ауылдардың су құбырларын бүтіндеп беруге шешім қабылдаған. Сөйтіп, тұрғындарымыздың  86  пайызы орталықтандырылған  ауыз су құбырының қызығын көруде.

            Алайда, депутат Абликим Сайдуллаев аралап өткен ауылдардағы тіршілік нәрі мәселесі әлі де күн тәртібінде тұрғандығын ашып айтты: – Қазтай Ұлтарақов, Асысаға, Нұра, Қайрат ауылдарындағы су құбырлары мүлдем жоқ деуге болады. Кеңес заманында салынған құбырлар шіріп біткен. Нәтижесінде, Асысаға ауылдарында күніне бір мәрте ғана екі  сағатқа  су  беріледі,  Ал шалғай тұрған Нұрлыда екі күнде бір рет қана су көреді тұрғындар. Бұл мәселені қалай шешпек ойыңыз бар? – деді.

            Бөлім басшысы өз кезегінде аудан әкімінің аудан тұрғындарын 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамту туралы бес жылдық жоспарында мұның бәрі қарастырылғанын тілге тиек етті.

            Бұл тұрғыда Бекет Төлегенұлы да: – Сөгетіде 125 балаға арналған интернат ашылудың алдында тұр. Алайда суы жоқ. Бұл қалай болмақ? – деді. Сонымен қатар Қызылшарық ауылындағы электр жүйелерінің 60-70 пайызы ескіргенін айтып дабыл қақты депутаттар. Себебі, екі күн қатарынан жарықсыз отырған тұрғындар халық қалаулыларына шағым түсірген. Аталған түйткіл де түйінін күтіп тұр.

            Қабырғаға батқаны – қомақты қаражат бөлініп жасалған жобалық-сметалық құжаттар кезегін күтіп «сарғаятын» көрінеді. Нәтижесінде, мемлекет қаржысы желге ұшады. Бұл турасында Қуат Байғоджаев ашынып айтты:

            – Сіз қазір дайындаған 14 ЖСҚ-ның уақыты өтіп кетті. Осы 14-ін дайындауға шамамен 300 млн теңгенің үстінде қаражат жұмсалды. Енді оны тағы да екі есе ақшаға әзірлейсіз. Құжаттары толық дайын болғасын неге облыстық мәслихат депутаттарына айтып дабыл қақпайсыздар? Қашанға мемлекет қаржысын орынды-орынсыз  жұмсай  береміз?»- деді.

            Мінберге көтерілген Бейбіт Искаковтың сөзіне сүйенсек, аудан аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар көшелерді ағымдағы және күрделі жөндеуге мемлекет қоржынынан  биылға 1 млрд 900 млн теңге бөлінген. Оның ішінде күн тәртібіндегі бес округтің көшелері де бар. – Талай жылдан бері кезегін күткен Малыбай округі Көктерек ауылындағы 3 шақырым жолға биыл 181 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өтті, – деді бұл тұрғыда Бейбіт Құлжамбайұлы. Тұрғындар тарапынан Бәйсейіт – Бижанов арасын жалғайтын жолды жөндеу керектігі де айтылды.

            Ермек Жәкеев болса «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен осы бағытқа бөлінген қаражаттың нысаналы игерілуі туралы толық әрі нақты баяндап берді. Сөзіне сүйенсек, бағдарлама басталған сонау 2009 жылдан күні бүгінге дейін 463 жас маман көтерме жәрдемақы алған. Ал 202 маман бюджеттік кредитке қол жеткізген. Оларға мемлекет тарапынан берілген несие көлемі 552 млн 535 мың теңгені құраған.

            Ауданда   туризмді    дамыту барысы туралы сөз қозғаған Нұрболат Серғали:

            – Өңіріміз табиғи байлықтарымен талайды таңқалдыратын қауқары бар. Осы ретте қазіргі уақытта экотуризмді дамыту қолға алынды. Түрген шатқалының бойында осы  мақсатта  8  үй салынуда. Қазір бірнеше ірі кәсіпкерлермен туризмді дамыту мақсатында келіссөздер жүргізудеміз. Бір мәселе, инфрақұрылым қолбайлау болып отыр. Себебі, жолы, жарығы жоқ жерлерге кәсіпкерлер де қызығушылық танытпайды, туристер де бармайды, – деп атап

өтті.

            Бір ауылдың үш түрлі атауы бар. Бұл сөзге сенесіз бе? Расымен солай: Қайрат, Гайрат, Ғайрат. Осының кесірінен қайраттықтар мекен-жай анықтамасын да ала алмай әлек. Бұл турасында ауыл тұрғындары шағымданған еді барғанымызда. Тұрақты комиссияда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева:

            – Бұл ауылдың тарихи атауы – Қайрат. Құжаттарда да дәл солай жазылған. Сондықтан ауылдағы әлеуметтік нысандардың маңдайшаларын, кіреберістегі ауыл атауы жазылған белгілердің бәрін толық Қайрат деп өзгерту керек, – деді.

            Бес округті аралау барысында ауданның бас дәрігеріне тиесілі сұрақтар да бар еді. Алайда, белгілі себептермен келе алмаған, тиісті бөлім, мекеме басшыларына депутаттық сауал жолданатыны айтылды комиссия отырысында.       Әсіресе, Шелек өңірінің тұрғындарын қайта Шелек аудандық емханасына тіркеу мәселесі жаңа келген бас дәрігер Жәмиля Абелованың қаперіне алынуы тиіс.

            Түйінінде Бекет Төлегенұлы:

            – «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді қазақ. Қазір 6-шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттары барынша қарқынды еңбек етіп келеді. Мұндағы мақсатымыз – мемлекеттік қызметкерлердің соңына түсу емес, бірігіп жұмыс істеу. Себебі, бәріміздің, оның ішінде ауданымыздың әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлының да көксегені бір: асты кенге, үсті төлге толы ауданымызды гүлдендіру. Сондықтан дұрыс түсініңіздер, жұмыс ортақ, мақсат бір, – деді.

            Осылайша жиын соңын қорытындылаған мәслихат хатшысы Бекет Төлегенұлы, комиссия төрағалары мен депутаттарының дауыс беруімен қабылданған тұрақты комиссияның қаулыларын қабылдай келе, аталған мәселелер бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар беріп, депутаттық сауалдар жолдауды міндеттеді.

 

Ақпаратты дайындаған

комиссия төрайымы Г.Егенбаева

және мәслихат аппаратының

бас маманы Б.Сатыбалдиев